Кіріспе

 

Геология – геологиялық процестерді, жердің және жер қыртысының заттық құрамын, жер қыртысы мен литосфера құрылымын барлық қолда бар әдістермен басқа ғылымдар мен пәндердің мәлімтеттерін тарта отырып зерттеуге негізделген жердің құрылымы, оның пайда болуы мен дамуы туралы ғылымдардың жиынтығы.

Геологияның зерттеу нысаны: литосфера және жер қыртысы болып табылады. Геологияның негізгі мақсаты:

- жер қабығының ішкі құрылымының материалдық құрамын зерттеу;

- литосфера мен жер қыртысының заңдылықтарын зерттеу;

- жердің ішкі құрылымын зерттеу;

- жер бетіндегі тіршліктің дамуын зерттеу және т.б.

Геология ғылымы геологиялық әдіспен қатар, басқа да ғылымдардың әдістерімен тығыз байланысты (топырақтану, археология, геоморфология, мұздықтану және т.б.). Геологияны зерттеудегі басты әдіс ретінде келесі әдістерді атап көрсетуге болады.

Далалық геологиялық барлау әдісі – геологиялық бұрғылау нәтижесінде керндық материалдарды зерттеу, шахта мен жанартау атқылауынан түзілген өнімді талдау, жер бетіндегі болып жатқан геологиялық процестерді далалық барлау жатады.

Геофизикалық әдіс – литосфера мен жердің терең қабатының құрылымын зерттеуде қолданылады. Сейсмикалық әдіс - тақталардың көлденең және тік қозғалу жылдамдығын зерттейді. Гравиметриялық әдіс - жер бетіне түсетін тартылыс күшінің оң және теріс жақтарын анықтап, гравитациялық күштің геологиялық тау жыныстарына тигізетін әсерін қарастырады. Палеомагниттік әдіс – тау жаныстарының ішіндегі магниттілігі бар кристалдарды қарастырады. Бұл әдіс Жердің магниттік полюсінің тұрақсыз полярлық инверсиясының нәтижесінде құрылған. Жер беті заманауи магниттілік полюсін 700 000 жылға жатқызады (Брюнес ғасыры). Алдыңғы кезең кері магниттілік кезеңі – Матуями деп аталған.

Астрономиялық және ғарыштық әдіс – литосфералық тақталардағы қозғалысы мен метеориттерді және де Жер мен басқада планеталарды ғарыштан зерттеу әдісі. Бұл әдіс Жерден бөлек ғарыштағы процестерді тереңірек түсінуге жол ашады. Модельдеу әдісі – зертханалық жағдайда геологиялық процестерді зерттеуге жол ашады. Актуализм әдісі. Қазіргі таңда жүріп жатқан геологиялық процестер белгілі бір тау жыныстарының кешенінің түзілуіне әкеп соғады. Зерттеу нәтижесінде ежелгі қатпарлықтарда қазіргі заманға сәйкес тау жыныстары кездесуі ол заманда да осы уақытқа тән геологиялық процесс жүргенін көрсетеді. Осы тұрғыда оны салыстырмалы-тарихи әдіс деп те атауға болады.

Минерологиялық және петрографиялық әдіс – минералдардың физикалық қасиеттері мен тау жыныстарының құрылымын, текстурасын зерттейді (мысалы, пайдалы қазбаларды іздеу, Жердің тарихи дамуын зерттеу).